Онлайн тест

НегізгіhornavЖаңалықтарhornavҰлттың ұлы перзенті ұлықталды

Ұлттың ұлы перзенті ұлықталды

Жаңалықтар

Бауыржан Момышұлының мұрасы – егемендіктің, елдік пен ерліктің өшпес рухы, мұқалмас алдаспаны. Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында тіршілігінде даңқты ержүректілігімен, қайталанбас даралығымен ерекшеленген батыр Баукеңді еске алуға арналған кеш өтті.

Қазақстан Республикасының Қарулы күштерінің құрылғанына 25 жыл толуы қарсаңында ұйымдастырылған жиынды институт ректоры Дария Қожамжарова ашып, жиналғандарды Отан қорғаушылар күнімен құттықтады.

– Қадырменді қауым, құрметті әріптестер! Баршаңызды Отан қорғаушылар күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – батыр бабалардың даңқты жолы мен Отанға адал қызмет ету дәстүрін тоғыстыратын мейрам. Бұл – керегесі биік, іргесі мығым мемлекет құру жолындағы әскеріміздің айбынын асырып, сарбаздарымыз мен сардарларымыздың мерейін тасытатын күн. Бұл – Отанды қадірлейтін, оның төл тарихын құрметтейтін, қазақ армиясының атағын асқақтатқан нағыз ерлердің мерекесі. Біз бүгін ерлік пен батылдықтың өлшеусіз үлгісін көрсеткен яки елді қорғау жолында от пен оқтың арасынан өткен жауынгерлердің рухының алдында тағзым етіп, басымызды иеміз. Батыр бабаларымыз аттың жалында, түйенің қомында күн кеше жүріп, ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен Алтай мен Касьпий аралығындағы ұлан-ғайыр атырапты, Ұлы Даланы көздің қарашығындай қорғап, бізге мұраға қалдырды. Соның арқасында бүгінде тәуелсіз мемлекет құрып, келешекке нық қадам басып келеміз. Ұлтымыздың даңқты перзенті, халқымыздың қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлы: «Ел дегенде еміреніп, жұрт дегенде жүгініп қызмет еткін» деген. Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар. Ол – Тәуелсіз Қазақстан. Қасиетті Отанымызға қалтқысыз қызмет ету және оны қорғау – әрбір азаматтың қастерлі борышы. Осынау перзенттік парызды орындау жолында ер адамдарға жүктелер жауапкершілік жоғары екені рас. Сіздердің қызметтеріңіз – еліміздің егемендігінің, Қазақстанның әр шаңырағының тыныштығы пен алаңсыздығының кепілі, – деді Дария Қожамжарова.

Ресми сөзден кейін белгілі режиссер Мәжит Бегалинның Бауыржан Момышұлы туралы «Ел басына күн туса» фильмінен үзінді көрсетілді. 1967 жылы түсірілген кино туындыда Мәскеу түбіндегі шайқас баяндалады. Сондай-ақ, батырдың панфиловшылардың ерлігі туралы және жаңа жылмен құттықтауы берілген бейне және дыбыс жазбалары көпшілікке тұңғыш рет ұсынылды. 1944 жылғы кинохрониканы Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының жанындағы «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығының қызметкерлері Орталық мемлекеттiк кинофотоқұжаттар мен дыбыс жазбалары мұрағатынан тапқан.

Осы орайда айта кетейік, 2004 жылы ашылған орталық Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының мұраларын жинау, зерттеу және басып шығару бағытында жұмыс атқарады. Бұған дейін ұлт мақтанышының көптомдық шығармалар жинағының 30 томы, Мәскеуден «Легендарный батыр» деген атпен естелік кітабы, Алматы қаласынан «Фотоқұжаттық альбомы» жарық көрді. Қазіргі таңда батырдың көптомдық шығармалар жинағының келесі 15 томы дайындалуда. Онда қазақтың көрнекті жазушысы, даңқты қолбасшысы туралы естеліктер, драмалық шығармалар, арнаулар, поэмалар мен балладалар топтастырылған.

Жиын барысында орталық директоры, белгілі ғалым Мекемтас Мырзахметұлы бауыржантану саласында атқарылып жатқан жұмыстар жайында әңгімелеп, алдағы жоспарларымен бөлісті.

– Баукең былай дейді: «Қадiрiн бiлмеппiз ғой тiрi кезде, Деп жылар сорлы қазақ мен өлгенде.Ұрпақ атар сексен мен жүздiгiмдi,Тарихтың түкпiрiнен сөз келгенде...» Халық баһадүрі Бауыржан Момышұлы туралы айтылмаған әңгіме әлі көп. Мен батырдың соңғы басылған отыз томдығына бұрынғы қысқартулардың барлығын қайта кіргіздім. Оны басу да оңай болмады. Мен енді Баукеңнің жүз томдығын жасап жатырмын. Оның барлық архивін сөйлету керек. Мәскеуде батырдың академияда оқыған сегіз мың бет лекциясы жатыр. Бірақ қазір құпия деп бермей отыр. 1942 жылы Баукеңнің даңқы қатты аспандады. Сол кезде Момышұлының үстінен «Дивизияда ұлтшыл» деген арыз жазылған. Соғыс жүріп жатыр. Мәскеуді уысында ұстап отырған Щербаков басқаратын саяси бюроның мүшелері тексерту жүргізген. Онысы шала болып, екінші тексеру жүргізеді. Қазақстан орталық партия комитетінің сол кездегі хатшысы Әбдіхалықовқа бір айдың ішінде сарбаздардан бастап генералдарға дейін – барлығының Баукең туралы пікірін әкелу жүктеледі. Нәтижесінде баһадүр ақталып шығады. Оны көре алмаған адамдар осылай жасаған. Міне, бұл да төрт мың беттік құжат, Ресей архивінде сақтаулы. Үшінші – Б. Момышұлының Кубаға жиырма күнге барған сапарында сөйлеген сөздерінен үлкен бір том шығады. Олар испан тілінде даярлап отыр. Арнайы өкілімізді жіберсек, беретіндерін айтқан. Бірақ құпия деп қайтарып жіберіпті. Төртінші – қазір Баукең араласқан әскери адамдардың архивтерін қарап жатырмыз. Көп нәрсе табылуда. Бесінші – Баукеңнің үйінде екі шабадан өз қолымен сызған карта жатыр. Ол екі жүз жеті рет кірді ғой майданға. Әр кірген сайын карта жасайды екен. Қалай соғысады, қай тұстан соққы береді, қоршауға алу тәсілі – барлығы картаға түсіріледі. Біз оны оқи алмаймыз, бірақ бастырамыз. Бұл генералдарға, әскери оқу орындарына керек. Сонда Баукеңнің мұрасы жүзден асып кетеді, – деп атап өтті Мекемтас Мырзахметұлы.

Әнмен әспеттеліп, күймен көмкерілген кеш соңы оқу орнының өнер ұжымдарының мерекелік гала-концертіне ұласты.

Ұқсас жазбалар

«Болашаққа сенімді қадаммен» атты жас көшбасшылар форумы өтті

ТарМПИ студенті әлем чемпионы атанды

Өскелең ұрпақты тәрбиелеуде аға буынның қосар үлесі зор

Пікірлер

comments0

Пікір қосу