Онлайн тест

НегізгіhornavЖаңалықтарhornavТарМПИ студенті жеңімпаз атанды

ТарМПИ студенті жеңімпаз атанды

Жаңалықтар

Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының Филология факультетінің студенті Дидар Апбасов "Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым" атты облыстық жастар айтысында жеңімпаз атанды. Жыр алыбының 171 жылдығы мен Астана қаласының 20 жылдығына арналған сөз додасына 12 жас ақын қатысты.

Жамбыл аудандық "Жастар ресурстық орталығы" ұйымдастырған сайысқа Айтмұхамет Исақов, Алик Бекмұсаев, Есет Досалы сынды белгілі айтыскерлер әділқазылық жасады.

Жыр додасының алғашқы айналымында Дидар Апбасов пен байзақтық Дидар Басығараевтың айтысын көпшілік асыға күтті. Оған жас сөз зергерлерінің соңғы уақытта әр айтыста сұлу сөзден сарай салып, өрнекті өлең кестелеп жүргендері басты себеп. Бұл жұптың айтысын жұрт ерекше ықыласпен тыңдады. Д. Басығараев:

"Ағайын 36-жыл келгенде,

Ұлтшыл деп ерлерімді сөкпеп пе еді,

41-дің алапат майданында,

Батырлар ел үшін қан төкпеп пе еді,

86 желтоқсан оқиғасы рухыңды оятып кетпеп пе еді,

Ағайын осылардың өтеуіндей,

Арайлап Тәуелсіздік жетпеп пе еді?..

Бұл аудан әуелден-ақ биікке өрлеп,

Жыр алыбы Жамбылдың атын алған,

Жамбылдың атын алған ел аман ба,

Қаратау етегінде жатып алған,

Дидар Апбасов ұстаздарың көп екен ғой,

Жетектеген тазы да түлкі алмайды",

– деп қарсыласына кезек берді. Өз кезегінде Д. Апбасов:

"Үш жүзге аты мәлім болмағанмен,

Үш жүзден артығырақ күй біледі,

Мен мұны көтермелеп сөйлеп едім,

Ағам мені тазы деп күйдіреді,

Қазақ қызы Қытайға тиіп жатыр,

Әпкелерім білмеймін білді нені,

Басығараев Қытайға жіберместен,

Қара көз қыздарыма қорған болып,

Үш әйел алады ма кім біледі...

Ағайын мен Дидармен айтысқанда,

Оны ой таразыға салыңыздар,

Мені ректор Дария апайымның,

Грантын алған Дидар деп таныңдар.

Алатауда туған жыр алыбын,

Қаратауда мойындап жатыр екен",

– деп өлеңдетті. Көпшіліктің көкейіндегіні дөп басқан бұл жұп қазылардан ең жоғары ұпайды иеленді.

Ал, екінші айналымда Бақнұр Нұрман мен Дидар Басығараев, Мехредин Өтегенов пен Әділет Медетқұл, Дидар Апбасов пен Шапағат Сәбитқызы өрнекті айтыс жасай білді.

Қазылар алқасының шешімімен Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының студенті Дидар Апбасов жыр додасында "жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар" шығып, жеңімпаз атанды. Жүлделі екінші орынды Жамбыл ауданының тумасы Шапағат Сәбитқызы мен байзақтық Дидар Басығараев өзара бөлісті. Үшінші орынға шулық Әділет Медетқұл, Жамбыл ауданынан Мехредин Өтегенов, Бақнұр Нұрман ие болды. Меркілік Ару Қаржаубайға Жамбыл Жабаев атындағы арнайы жүлде табысталды.

Ұқсас жазбалар

«100 жылдыққа 50 жыл» тақырыбында концерті өтікізілді

Физика-математика факультетінің түлектеріне диплом табысталды

Ұрпақтар сабақтастығы

Пікірлер

comments0

Пікір қосу