Тарих және әлеуметтік педагогика факультетін 69 студент үздік тәмәмдады
Онлайн тест

НегізгіhornavЖаңалықтарhornavТарих және әлеуметтік педагогика факультетін 69 студент үздік тәмәмдады

Тарих және әлеуметтік педагогика факультетін 69 студент үздік тәмәмдады

Жаңалықтар

Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының Тарих және әлеуметтік педагогика факультетінің түлектеріне диплом тапсыру рәсімі өтті. Салтанатты шараға оқу орнының оқытушылары мен бітірушілердің ата-аналары және туыстары қатысты. Биыл факультетті 135 студент бітіріп отыр. Олардың 69-ы үздік диплом иегері.

Жиында ТарМПИ-дың Тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Орынқыз Жолдасова, факультет деканы Зағира Тоқбергенова және кафедра меңгерушілері құттықтау сөз сөйлеп, бакалавриатты бітіруші түлектерге диплом табыс етті.

– Құрметті түлектер! Бүгін Сіздер жоғары білім алған киелі қара шаңырақ, алтын ұяларыңыздан қанат қаққалы тұрсыздар. Кеше ғана ауылдан келіп терең білім алып, бүгін білікті маман иесі атанып отырсыздар. Баршаларыңыз ізденіс пен талпыныстың арқасында үлкен өмірге жолдама болатын – диплом алу бақытына қол жеткіздіңіздер. Ата-бабаларымыз: «Білімдіге дүние жарық, білімсіздің күні ғаріп» деген. Сондықтан да, өз болашағыңды қалыптастырудың кілті тек қана білімде екенін естен шығармаңыздар. Биыл төл тарихымыздың алтын діңгегі ретінде әспеттелер Әулиеата өңіріндегі іргелі жоғары оқу орны – Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының құрылғанына 50 жыл толып отыр. Киіз туырлықты қазақ халқында «Елу жылда – ел жаңа» деген дана сөз бар. Осы жылдар белесінде қоғамымызда ғасырларға татитын аса ауқымды өзгерістер болды. Аға буынның бірнеше легі ауысып, өскелең ұрпақтың көптеген буыны тарих сахнасына шықты. Қоғамдық қатынастар алмасты, құндылықтар жаңарды. Адамзат дамуы сан қилы кезеңдерді бастан өткерді. Жарты ғасыр уақыт мерзімінде Тараз мемлекеттік педагогикалық институты мұғалім мамандарын, ұстаздарды қайта даярлау мен біліктілігін арттыруды сәтті жүзеге асырып келеді. Осы жылдар ішінде іргелі оқу ордасы білім беру нарығында туындаған қажеттіліктерге сай жаңашыл жұмыс істеу тәсілдері мен түрлері арқылы мол тәжірибе жинай білді. Түлектердің алған біліміне, ғылымына қарап, жоғары оқу орнының деңгейі анықталатыны сөзсіз. Сондықтан сіздерге еліміздің педагогикалық саласына инновациялық жаңалықтар алып келетініне үлкен сенім артамыз. Өздеріңіз бітірген институт жетістіктері алдағы кезеңдерде де мол табыстармен жаңа биіктерді бағындырып, сіздерден кейінгі түлектерді де жаңа ізденістерге қанаттандыра бермек. Оқу орнының қабырғасында алған білімідеріңізбен егемен еліміздің дамуына елеулі үлес қосып, білікті маман болатындарыңызға сеніміміз мол. Тәуелсіз мемлекетіміздің гүлденіп, өсіп-өнуіне лайықты қызмет ету жолында баршаңызға зор денсаулық, мол табыстар тілеймін! – деп атап өтті жиын барысында сөз сөйлегендер.

Диплом табыс ету рәсімінің соңы өнерпаз студенттердің концертіне ұласты.

Айта кетейік, бәсекеге қабілетті білікті мамандарды әлеуметтік және азаматтық жауапкершілікке ие, қазіргі нарық пен халықаралық стандарттар талабына сай етіп даярлау негізгі миссиясы болып табылатын Тарих және әлеуметтік педагогика факультетіндегі 5 кафедра 4 мамандық бойынша маман даярлайды. Факультетте «Жерұйық» этнографиялық кабинеті, «Балалардың сөйлеу тілін түзету мен дамытуға қолдау көрсету» орталығы, «Өзін-өзі тану» орталығы, «Электронды оқу залы», Халық қаһарманы Ғазиз Байтасов атындағы кабинет, Ж. Баласағұн атындағы Түркістан өлкесінің тарихын зерттеу орталығы жұмыс істейді.

Ұқсас жазбалар

Филология факультетінің түлектері үлкен өмірге жолдама алды

Кітапхана жұмысын тиімді ұйымдастыру жолдары талқыланды

ТарМПИ студенті әлемдік сайыстан жүлдемен оралды

Пікірлер

comments0

Пікір қосу