Онлайн тест

НегізгіhornavЖаңалықтарhornavСтуденттік театр жаңа қойылымын сахналады

Студенттік театр жаңа қойылымын сахналады

Жаңалықтар

Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының «Жансарай» жастар театры Исраил Сапарбайдың «Ауылдан келген ару» пьесасын сахналады. Бұл студенттік өнер ұжымының репертуарындағы төртінші қойылым.

Пьесада ауылдан қалаға келген қыздың өмірден көрген қиындығы бейнеленген. Мектепті кеше ғана бітірген өрімдей бойжеткен қиын да соқпақты жолдардың азабын тартады. Оқиға желісі екі жастың арасында өрбіп, сан түрлі мінез-құлық иелерінің образын ашады. Өнер және мәдениет факультетінің студенттері Әділет Әбдіқадыр, Таңшолпан Маратқызы, Жадыра Тұрмаханқызы сынды жас өнерпаздар басты рөлдерді шебер сомдап шықты.

Театр режиссері – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Майра Әлімбетова. Ол болашақта махаббат пен достықтың қаншалықты құдіретті күш, ұлы сезім екенін ұғындыратын және жұртшылықтың көңіл төрінен орын алған классикалық қойылымдар сахналанатынын айтады.

– Театр – бұл мәңгілік сезімге толы тұтас бір өмір. Махаббат пен өшпенділік, өмір мен өлім, сенім мен үміт. Студенттер үшін ол театр өнерінің сиқырлы күшіне жанасуға, түрлі кейіпкерлердің бейнесін сомдауға, түсінуге жол ашады, – дейді театрдың көркемдік жетекшісі.

Пьесаны тамашалауға келген институт ректоры Дария Қожамжарова қойылымнан алған әсерімен бөлісіп, өнер ұжымына ыстық ілтипатын жеткізді.

– «Жансарай» театрының алға қойған мақсаты биік. Театр құрамындағы әрбір студент болашақта қазақ өнерінің аспанындағы жарық жұлдызға айналуды мақсат еткен. Дана халқымыз «Болайын деген баланың, бетін қақпа белін бу» дейді. Өнер жолындағы қадамдарыңызға сәттілік тілеймін. «Жансарай» жастардың шығармашылығын шыңдауға, олардың кәсіби тұрғыда өсуіне ұйытқы болатынына сенімім кәміл, – деді Дария Қожамжарова.

Ашылғанына 8 жылдың жүзі болған «Жансарай» театры бұған дейін Ә. Оразбековтың «Бір түп алма ағашы», Б. Ұзақовтың «Жанұя» және И. Сапарбайдың «Сыған серенадасы» спектакльдерін көрермен назарына ұсынған болатын. Бүгінгі таңда театр студенттері «Айша бибі» атты тарихи қойылымға дайындалуда.

Ұқсас жазбалар

Халықаралық шараға біздің оқытушыларда қатысып қайтты

ТарМПИ студенттері жеңімпаз атанды

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру-жастар көзімен»

Пікірлер

comments0

Пікір қосу