Онлайн тест

НегізгіhornavЖаңалықтарhornavСтуденттік театр «Айша бибі» тарихи трагедиясын сахналады

Студенттік театр «Айша бибі» тарихи трагедиясын сахналады

Жаңалықтар

Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының «Жансарай» жастар театры журналист, драматург Бақтияр Әбілдаұлының «Айша бибі» тарихи трагедиясын сахналады.

Қойылымда Айша бибі мен Қарахан арасындағы жарқын да қысқа махаббат һәм сүйіспеншілік тарихы баяндалады. Спектакль Айша бибі туралы аңыздың желісі негізінде көпшілік назарына ұсынылды.

Аңыз бойынша сонау орта ғасырларда елі мен жерін жауынан қорғаған Қарахан есімді батыр өмір сүрген екен. Қарсыласының алдында тайсалмаған Қарахан батыр жауының қызына, яғни асқан сұлулығымен қатар ақылдылығымен де елге есімі жайылған Айша бибіге ғашық болады. Көп ұзамай қыз әкесінің бұл некеге қарсы болатынын білген соң сүйгенін алып қашуға бел буады. Екі жастың қол ұстасып қашып кеткенін білген әкесі сарбаздарына оларды өлтіруді бұйырады.

Қуған нөкерлерден қашамыз деп ғашықтар ұзақ жол жүреді. Арада біраз уақыт өткен соң тоқтаусыз шапқылай беруден шаршаған ару Аса атты өзеннің жағасында аялдауды ұсынады. Хан жарлығын бұлжытпай орындауды жөн көрген сарбаздар Қарахан мен Айша бибіні көре салысымен қыздың сәукелесіне ең улы жылан салып қояды. Бақыттың құшағында жүрген ғашықтар мұны байқамай қалады.

Жылы суға рахаттанып түсіп шығып, Айша бибі киіне бастайды. Ақырында сәукелесін кие берген кезде жылан шағып алады. Осы сәтте ғашығының қолында мерт болып бара жатқанын көрген Қарахан алай-дүлей күйге түсіп, мына өмірден баз кешеді. «Бұл жалғанда бірге болу бұйырмаса да, о дүниеде жұбымыз жазылмасын» деп сүйгенін жақын маңдағы молдаға алып барады.

Жас жігіттің Мәжнүндей қайысқанын көрген молда ғашықтарға батасын беріп, некесін қияды. Бейкүнә екі жастың отбасылық өмірі небары бірнеше минутқа созылады. Содан кейін ол жаны үзіліп бара жатқан Айшаның құлағына: «Айша, сен енді бибі болдың!» деп үш рет айқайлапты. Ғашығынан айырылып, қайғыдан қан жұтқан Қарахан сүйген жарының денесін арулап жерлеп, басына әсем күмбез орнатады.

Мамандықтары кәсіби актерліктен алыс болса да Әділет Әбдіқадыр, Таңшолпан Маратқызы сынды жас өнерпаздар басты рөлдерді шебер сомдап шықты. Көрерменді сендірді. Көзге ыстық жас келтірді.

– Бұған дейін оқу орнында өтетін мерекелік іс-шаралардағы шағын қойылымдарда ойнадық. Сахнаның киесі мен ұлы өнердің құдіретіне деген шексіз махаббатымыз «Жансарайға» алып келді. Дана халқымызда «Ел ішінде өнер бар, өнерді тапқан шебер бар» деген нақыл сөз бар. Біз үшін қоғамдық ой-сананың шарықтау шегі мен адами дүниетанымның жемісі болып табылатын театр өнерінің орыны бір төбе. Болмыс-бітімі әрқилы кейіпкерлердің рөлін ойнау арқылы мәңгілік сезімге толы бекзат өнердің қыр-сырын меңгере түсеміз, – дейді театр әртістері.

Театрдың құрамы төрт жыл сайын өзгеріп отырады. Соңғы рет «Жансарайдың» мүшелері өткен жылдың қыркүйек айында жаңартылған. Басым бөлігі Филология, Өнер және мәдениет факультеттерінің студенттерінен құралған ұжым үнемі дайындық үстінде.

Ашылғанына 8 жылдың жүзі болған «Жансарайдың» алға қойған мақсаты биік. Жас өнерпаздар Жамбыл облыстық қазақ драма театрымен тығыз байланыс орнатып, кәсіби актерлермен шығармашылық бірлестікте жұмыс атқаруда.

Өнер ұжымы осы уақытқа дейін Әлімбек Оразбековтің «Бір түп алма ағашы», Болат Ұзақовтың «Жанұя» және Исраил Сапарбайдың «Сыған серенадасы», «Ауылдан келген ару» спектакльдерін сахналаған болатын.

Ұқсас жазбалар

«Толық адам бейнесі» тақырыбында сөз қозғалды

Ашық тәрбие сағаты өтті

«Жастар дауысы» республикалық ретро әндер байқауы өтті

Пікірлер

comments0

Пікір қосу