Онлайн тест

НегізгіhornavЖаңалықтарhornavСтуденттердің музыкалық білімін шыңдайды

Студенттердің музыкалық білімін шыңдайды

Жаңалықтар

Тараз мемлекеттік педагогикалық институты студенттерінің вокалды музыканы меңгертудегі және аспаптарда орындаудағы шеберлігін шыңдау мақсатында оқу орнында бірқатар үйірмелер мен өнер ұжымдары жұмыс істейді. Соның бірі – «Жібек жолы» эстрадалық-үрмелі аспаптар оркестрі.

Өткен жылы ұжым жанынан «Айша» вокалды тобы ашылды. Бүгінде ТарМПИ-дың Өнер және мәдениет факультетінің студенттерінен құралған топ оқу орнындағы жиындармен қатар қалалық, облыстық деңгейдегі мәдени іс-шараларда өз өнерлерін паш етіп жүр.

Оркестрдің көркемдік жетекшісі, «Мәдениет саласының үздігі» белгісінің иегері Владимир Максименконың айтуынша, Бейбіт Сейдуалиева, Тахмина Әшімбекова, Дана Махамбаева, Иван Бреусов, Бүркіт (Айбек Жансейітов), Динара Дихамбаева сынды қазақ эстрадасының жұлдыздары ТарМПИ-да оқып жүріп, оркестр мүшелерінен дәріс алған.

– Ұжым осы жылдар ішінде өзінің тамаша орындаушылық шеберлігімен көптеген композиторлардың туындыларын облыстық тыңдармандар назарына іліктірді. Қазіргі күнде бізде музыка әлемінің қыр-сырын терең меңгерген мамандар жұмыс істейді. Бұл оркестр мүшелерінің кәсіби тұрғыда үнемі шыңдалып отыруына, сол арқылы орындаушылық шеберлік биігінен көрінуіне мүмкіндік береді. Ұжым құрамындағы музыканттардың басым бөлігі облыстық, республикалық байқаулардың жүлдегерлері. Осы орайда айта кеткенім абзал, Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры Дария Қожамжарованың қолдауымен оркестрге арнайы дайындық жүргізетін кабинет бөлініп, музыкалық аспаптармен қамтамасыз етілді, – дейді В. Максименко.

2005 жылы құрылған эстрадалық-үрмелі аспаптар оркестрі «Ақтөбе-джаз», «Оңтүстік түні» сынды халықаралық өнер фестивалдарының лауреаты атанды. Ұжым репертуарында Г. Миллер, Б. Стрэйхорн, Д. Тухманов, Ш. Қалдаяқов, Т. Молдағалиев, А. Зацепин, С. Бәйтереков, Ш. Сариев, Ж. Тұрсынбаева, Е. Хасанғалиев, А. Сандавал, В. Людвиковский, Н. Байкөзов сынды шетелдік және отандық композиторлардың шығармалары бар. Әсіресе, Елена Суадтың орындауындағы «И снова карнавал», «Тучи в голубом», «Көктем вальсі», «Кербезім» сынды әндер «Жібек жолының» «визитті карточкасына» айналған.

Белгілі музыка мамандары оркестрдің биік кәсібилігін, мінсіз таза интонациясын, аспаптардың виртуоздық түрде меңгерілгенін, олардың жарасымдық үндестігін, дыбыс тембрінің байлығын және репертуарының кеңдігін жоғары бағалайды.

Бүгінге дейін оркестр 100-ге жуық концерттік бағдарламалар дайындап, Қазақ хандығының 550 жылдығы, Қазақстан Республикасының Ата заңының 25 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығы сынды іс-шараларда концерттерін тыңдарман назарына ұсынды.

Ұқсас жазбалар

ТарМПИ студенті әлем чемпионы атанды

ТарМПИ студенті Әлем кубогының жеңімпазы атанды

«Толық адам бейнесі» тақырыбында сөз қозғалды

Пікірлер

comments0

Пікір қосу