Онлайн тест

НегізгіhornavЖаңалықтарhornavҚР тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті

ҚР тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті

Жаңалықтар

Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті. Іс-шараға оқу орнының профессор-оқытушылары мен қызметкерлері және студенттері қатысты.

Жиында сөз алған ТарМПИ ректоры Дария Қожамжарова институт ұжымын Тәуелсіздік мерейтойымен құттықтады.

– Баршаңызды бар игілігіміздің бастауы, ең киелі құндылығымыз, Ұлы Даланың ұлық мерекесі – Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын! Әр ұлт, әр халық үшін егемендіктен артық қасиетті де қымбат ештеңе жоқ. Осыдан бұрын тарихи таңдау жасап, мемлекеттік тәуелсіздігін жариялаған Қазақстан Республикасы бүгінде беделі биік, айбыны асқақ, келешегі кемел мемлекет. Ынтымақты ұран, татулықты ту еткен бейбіт халқымыздың осынау табысы, еліміздің қарқынды дамуы тұрақты саясат пен ішкі бірліктің арқасы, мемлекетіміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың сарабдал саясатының жеңісі. Рухы биік, намысы үстем бабаларымыздың ғасырлар бойғы асыл мұраты – азаттықты аялау, тағдыры ортақ тұтас халқымыздың татулығын сақтау болса, біздің асыл мұратымыз осы Тәуелсіздіктің тұғырын баянды етіп сақтау, – деді институт ректоры.

Дария Қожамжарова тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерге тоқталып өтті.

– Біз бүгін азаттықтың екінші мүшеліне, 25 жылдығына аяқ бастық. Әрбір елдің жылнамасында оның жаңа тарихының бастауы болған тағдыршешті таңдар болады. Біз үшін жаңа дәуірдің арайлы таңы 1991 жылы 16 желтоқсанда атты. Сол күні әлем көгінде «Қазақстан Республикасы» атты жаңа жұлдыз жарқырай туды. Тұтас дәуірлердің куәсі болған халқымыз сан ғасырлық бұралаң әрі қиын жолмен жүріп өтті. Адам баласы сияқты, мемлекет те өмірінде екі ғұмырлық босағаны аттайды. Біріншісі – жарық дүниенің есігін ашу, екіншісі – ересек өмірдің табалдырығын басу. Екеуі де – қайталанбас, қастерлі мезеттер. Бұл – Әбу Насыр әл-Фарабидің айтып кеткен орамды сөзі, өнегелі өсиеті. Биыл рухы асқақ, тұғыры биік төл мемлекетімізге 25 жыл толды. Қарапайым тілмен айтқанда, нағыз ердің жасында, ұлы мақсаттардың басында тұрмыз. Тағылымы мол тарихымыз – сонау сақ дәуіріндегі, түркі бабалар тұсындағы, былтырғы жылы 550 жылдығын ел болып тойлаған Қазақ хандығы кезеңіндегі, кешегі Екінші Дүниежүзілік соғыстағы ұлтымыздың ұлы күрестерінің куәсі. Бұл – біздің өткеніміз, бұл – біздің тағдырымыз. Осы бір тарихтың ұзынсонар жолында азаттық деп аласұрған, еркіндік деп екпіндеген халқымыздың мұратын орындау бақыты бүгінгі біздің ұрпақтың еншісіне тиіпті. Олай болса, бұл күн ұрпақтардың ұлы арманы орындалған ордалы той, мерейлі де мәртебелі мереке. Аман-саулық – адамның нағыз бақыты болса, тәуелсіздік – халықтың жалғыз бақыты. Бұл – туған еліне егемендік пен еркіндікті қарулы қолмен емес, бейбіт жолмен алып берген әйгілі Махатма Гандиден қалған қанатты сөз. Расында да, тәуелсіздік пен теңдік, азаттық пен елдік қай халық үшін де дәмі балдай, мәртебесі таудай асыл ұғымдар болып саналады, – деді Дария Пернешқызы.

Салтанатты жиын барысында «Елімнің еркіндігі – Тәуелсіздік», «Желтоқсан – Тәуелсздіктің ұлы рухы» тақырыптарында арнайы кітап көрмесі ұйымдастырылып, оқу ордасының студенттік өнер ұжымдары қойған мерекелік концерт қойылды. Олардың қатарында ТарМПИ Студенттік хоры, «Томирис» би ансамблі және «Көне Тараз» этнографиялық оркестрі бар.

Ұқсас жазбалар

Ұстаздар күні аталып өтілді

Ұрпақтар сабақтастығы

Республикалық ІХ жазғы универсиада ойындары өткізілуде

Пікірлер

comments0

Пікір қосу