Онлайн тест

НегізгіhornavЖаңалықтарhornavМектеп оқушылары робот құрастырудың қыр-сырымен танысты

Мектеп оқушылары робот құрастырудың қыр-сырымен танысты

Жаңалықтар

Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының Физика-математика факультетінің студенттері Жамбыл облысының Жуалы ауданындағы бірнеше мектепте робот құрастыруға арналған сабақтар өткізді. "ТарМПИ мектепте" акциясы аясында жүзеге асырылған іс-шараға 8-11 сынып аралығындағы оқушылар қатысты.

Арнайы сабақтар аталған аудандағы № 29 Александр Герцен, № 13 Аркадий Гайдар, № 2 Мыңбұлақ, № 14 Бейімбет Майлин атындағы орта мектептерде және № 1 Григорий Орджоникидзе, №19 Дінмұхаммед Қонаев атындағы мектеп- гимназияларда жүргізілді.

Шара барысында "Информатика және есептеу техникасы" мамандығында оқитын студенттер Lego құрастырмалы бөлшектерінен компьютерлік бағдарлама арқылы өздігінен жүретін түрлі роботты көліктерді, арнайы ұяшыққа сәйкес түстерді анықтап салатын жылжымалы техникаларды және түрлі кедергілер кездессе де өз бағытынан таймайтын танкілерді құрастырды. Сонымен қатар, олар мектеп оқушыларына өз мамандықтары турасында егжей-тегжейлі әңгімелеп, жаңашылдықтар жайында баяндады.

"Робот техникаларымен жұмыс істеу балалардың ойлау қабілетін дамытып, өзге пәндерді де жақсы меңгеруіне септігін тигізеді. Басты мақсатымыз - ауылдық жерлердегі мектеп жасындағы балаларға робот техникаларын құрастыруды жете таныстыру, заманауи технологиялармен жұмыс істеуге машықтандыру. Оқушылар бастапқыда шағын машиналар құрастыра келе кейін күрделі бағдарламаларға көшеді. Бастамамызға қолдау білдіргені үшін Жуалы аудандық білім бөлімінің басшысы Мажит Айжановқа, әдіскері Толқын Сейітпановаға және жергілікті мектеп басшыларына алғыс білдіреміз," - дейді іс-шара ұйымдастырушылары.

Заман талабына сай өскелең ұрпақтың ой-өрісін кеңейтіп, жан-жақты дамуына жол ашу мақсатымен жүзеге асырылған акция бұған дейін Байзақ, Жамбыл аудандарындағы және Тараз қаласындағы 26 мектепте ұйымдастырылды. Олардың 11-і қалалық, 15-і ауылдық елді-мекендегі білім ошақтары. Балаларға шығармашылықтың тың түрімен айналысуына мүмкіндік беретін аталған жоба алдағы уақытта өңірдің өзге де аудандарында жүргізілмек. Институттың 50 жылдығына орай ұйымдастырылған шараны Мониторинг және педагогикалық зерттеулер орталығы жыл бойында жалғастыруды көздеп отыр.

Ұқсас жазбалар

«ЭКСПО-2017» көрмесіне арналған марафонға 500-ге жуық адам қатысты

Халықаралық әйелдер күні аталып өтті

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру-жастар көзімен»

Пікірлер

comments0

Пікір қосу