Онлайн тест

НегізгіhornavЖаңалықтарhornavКүйші, сазгер Аман Малдыбаевтың шығармашылық кеші өтті

Күйші, сазгер Аман Малдыбаевтың шығармашылық кеші өтті

Жаңалықтар

Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, күйші, сазгер Аман Малдыбаевтың шығармашылық кеші өтті.

ТарМПИ-дың 50 жылдығына арналған концерттің ашылу рәсімінде оқу орнының ректоры Дария Қожамжарова ұлттық музыканың ұрпақ тәрбиесіндегі маңызына тоқталып, төл өнерімізді дәріптеп жүрген сазгерге ыстық ілтипатын жеткізді.

Музыка өнерінің мақсаты – өскелең ұрпақты тамыры терең ұлттық өнер қазыналарына баулу, олардың әсемдік пен эстетикалық көзқарасын кеңейте отырып, оған деген орнықты қатынасын орнату. Мәдени мұра аясындағы өз рухани байлықтарымыздың бірі һәм бірегейі – күй өнері. Қазіргі жастарымыз батыстың музыкалық шығармаларын тыңдаумен қатар, оны санасына құйып алып, солардың шеберлігіне тамсана қарап, орындалу нақыштарына еліктеп жатқандығы жасырын емес. Ал біздің ұлттық мұрамыздың, оның ішінде өзімізге етене жақын күй құдіретіне көңіл қоюы аз. Осы мәселе барлығымызға ортақ екендігі рас. Сіз табиғи талантыңызбен ұлттың ұлылығын ұлықтайтын төл музыка өнерін кеңінен дәріптеп, өскелең жас ұрпақты тәрбиелеуге сүбелі үлес қосып келесіз, – деген институт басшысы А. Малдыбаевты «Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының 50 жылдығы» мерекелік медалімен марапаттады.

Кеш барысында Аман Малдыбаев авторлық туындыларының шығу тарихына тоқталып, күй жанрының қыр-сырымен бөлісті. Сонымен қатар, «Көне Тараз», «Тай Шолпы», «Ғаламат», «Мұңды саз», «Шоқай датқа», «Мұңлы тамшылар» сынды бірнеше күйін орындады. Ал, өнердегі шәкірттері сазгердің «Шырайлым», «Жалын кешкен», «Жастар маршы», «Наз сезім» атты әндерін шырқады.

Сондай-ақ, кеш барысында күйшінің отбасы мүшелері де жиналған жұртшылыққа өз өнерлерін паш етті. Осы орайда айта кетейік, Аман Малдыбаевтың үлкен ұлы Әлібек оқушылар арасында өткен халықаралық «Азия дауысы» ән байқауының дипломанты, жас сазгер. Ортаншы ұлы Рүстем Белоруссияда өткен халықаралық ән конкурсының I-орын иегері, Мәскеуде, Новосибирскіде өткен халықаралық өнер додаларының дипломанты. Кенже ұлы Қазыбек – қобызшы. Жас қобызшылардың халықаралық «Жез киік» байқауында лауреат атанса, республикалық жас орындаушылар аламанында II-орынды олжалады.

Аман Малдыбаев 1959 жылдың қаңтар айында Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы, Есентөбе ауылында дүниеге келген. 1989 жылы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының Халық аспаптары факультетін бітірген. 10-нан астам күй мен 40-қа жуық әннің авторы. 2005 жылдан бері Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының «Көне Тараз» халық-фольклорлық ансамблінің жетекшісі.

Ол Халықаралық БҰО-ның Құрмет орденінің иегері, Белоруссияда өткен халықаралық конкурстың I-дәрежелі лауреаты, «Мағжан көктемі» республикалық конкурсының лауреаты, ТарМПИ-дың доценті. Көптеген күйлері Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі шығарған оқу құралдарына, Мемлекеттік «Алтын қорға» енген. Оның музыкалық шығармаларын МузАРТ, Меломен, Тараз топтары мен Бағдат Сәмидинова, Сәкен Қалымов, Ардақ Балажанова, Ғаділбек Жанай сынды қазақ эстрада жұлдыздары орындап жүр.

Ұқсас жазбалар

Жас ғалымдарды қолдау жөнінде жиын өтті

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру-жастар көзімен»

«Ұлы дала өрендері сыр шертеді» атты көрме ұйымдастырылды

Пікірлер

comments0

Пікір қосу