Онлайн тест

НегізгіhornavЖаңалықтарhornavКітап оқуды насихаттауға арналған байқау өтті

Кітап оқуды насихаттауға арналған байқау өтті

Жаңалықтар

Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында адамзатқа ағарту, білім яки мәдениет сыйлайтын кітап оқуды насихаттауға арналған байқау өтті. Оқу орнының жартығасырлық мерейтойы қарсаңында ұйымдастырылған шараға институт ұжымы мен студенттері қатысты.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Өзінің биік, таза рухани қасиетімен кітап – мәдениет пен руханиятты қорғауда теңдесі жоқ қару болып табылады. Кітап – адамзат баласына ағарту һәм білім сыйлай береді. Кітап беттерінде адамзат тіршілігінің сан қилы құпиялары сақталған. Кітап – ең сабырлы ұстаз. Тек кітап қана қайырымдылық пен қаныпезерліктің, ақиқат пен жалғанның аражігін айнытпай танып білуге үйретеді» деген сөзі бар.

Расында да, рухани құндылықтарды жете меңгерген, әлеуеті биік, мәдениеті жоғары азаматтары көп елдің болашағы – баянды, ертеңі – ерен болатыны бесенеден белгілі. Педагогикалық институттың Ғылыми кітапханасы ұйытқы болған «50 жыл – 50 кітап» атты әлеуметтік-мәдени жобаның көздегені де осыған саяды.

– Адамзаттың ұлы ойшылы Конфуций: «Ойланбай оқу – бекер еңбек, оқымай ойлау – қауіпті» деп тәмсілдесе, римдік философ Сенека: «Қорғанды оқудан ізде, сонда сен өмірдің барлық қайғы-қасіретінен құтыласың» дегенді айтады. ТарМПИ-дың 50 жылдығына орай қолға алынған іс-шараның басты мақсаты – қазақ және әлем әдебиетін насихаттау, тарихи-мәдени һәм рухани мұрамызды сақтау, өскелең ұрпақты отаншылдыққа әрі өнегелілікке тәрбиелеу. Сонымен қатар, институттың қызметкерлері мен студенттерінің зияткерлік әлеуетін көтеру құралы, мәдениеттің маңызды элементі ретіндегі кітап оқуына жан-жақты қолдау көрсету. Бүгінгі байқау бір жыл көлемінде жүргізілген акцияның қорытындысы іспеттес, – деп атап өтті Ғылыми кітапхананың директоры Гүлмира Есіркепова.

Сайыс 4 кезең бойынша өткізілді. Алғашқы турда қатысушылар «Құрметтейік кітапты» атты жалпы тақырыпта сахналық көріністер қойса, екінші кезеңде түрлі бағыттағы сұрақтарға жауап беріп, білімдерін паш етті. «Үй тапсырмасы» атты үшінші турда қатысушылар «Кітабыңды аяла» тақырыбында ән айтып өзара сынға түсті. Белгілі ақындардың өлеңдерін жатқа айтудан жарыс «Өлеңім жүрегіммен егіз бе едің...» атты соңғы кезеңде ұйымдастырылды. Сондай-ақ, байқау барысында тақырыпқа сәйкес бейнеслайдтар көрсетіліп, арнайы жобалардың қорытындысы жарияланды.

Қазылар алқасының шешімі бойынша 1-орынға Филология факультетінің студенті Барат Ерубай лайық деп танылды. 2-орын Филология факультетінің студенті Ғалия Раушанбекке бұйырса, аталған факультеттің студенті Зейнеп Қоныс 3-орынды иеленді.

Сонымен қатар, Химия-биология факультетінің студенті Мәдина Доқтырбайға «Ойлы оқырман», Физика-математика факультетінің студенті Толғанай Сейдалиеваға «Парасатты оқырман», Физика-математика факультетінің студенті Зарина Икрамға «Үздік оқырман – 2017» аталымдары табысталды. Байқауда жоғары нәтиже көрсетіп, «жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар» шыққандар арнайы дипломмен марапатталды.

Шара аясында «Тарихи таныммен ұрпақ өседі», «50 жыл – 50 кітап», «Жарты ғасыр тарихы бар білім ордасы», «Мәңгілік ел әдебиеті – ғасырлар тоғысында», «Әлемдік таңғажайып туындыларға саяхат» атты кітап көрмелері ұйымдастырылып, «ТарМПИ-ға 50 жыл», «Readх» фотоэкспозициялары көпшілік назарына ұсынылды.

Еске сала кетейік, өткен жылдың қыркүйек айында бастау алған «50 жыл – 50 кітап» акциясы аясында 50 кітаптың тізімі ұсынылды. Тізімде қазақтың танымал 42 классикалық шығармасы және әлемдік 8 әдеби кітап бар. Атап айтқанда, олардың қатарынан Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы, Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы», Мұхтар Мағауинның «Аласапыран», Шерхан Мұртазаның «Қызыл жебе», Шыңғыс Айтматовтың «Плаха», Михайл Шолоховтың «Тихий Дон» романдары сынды оқырман тарапынан жоғары бағаланған әдеби туындыларды кездестіруге болады.

Ұқсас жазбалар

ТарМПИ-да 20-дан аса өзге ұлт өкілі білім алады

«Жастар дауысы» республикалық ретро әндер байқауы өтті

Кеңейтілген Ғылыми кеңес отырыс өтті

Пікірлер

comments0

Пікір қосу