Онлайн тест

НегізгіhornavЖаңалықтарhornavЖамбыл облысында Универсиада алауы жағылды

Жамбыл облысында Универсиада алауы жағылды

Жаңалықтар

Бүгін жамбылдықтар 28-ші Бүкіләлемдік қысқы Универсиаданың алау эстафетасын қабылдады. Салтанатты рәсімнің өңірлік кезеңін өткізу бағыты Тараз қаласындағы жоғары оқу орындары мен шаһардың көрікті орындарын қамтыды.

"Көне Тараз" тарихи-мәдени кешенінде шараның ашылу рәсіміне қатысқан Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев барша жұртшылық пен спорт сүйер қауымды Тәуелсіз Қазақстанның тарихында тұңғыш рет өтіп жатқан Дүниежүзілік қысқы студенттер ойынымен және Әулиеата өңіріне алау эстафетасының келуімен құттықтады.

Біз бүгін тарихи сәттің куәгері болып отырмыз. Қазақстан жерінде өтіп жатқан спортшылардың сайысын бүкіл әлем тамашалайтын болады. Байрақты бәсекеде Қазақстанның намысын 12 спорт түрі бойынша 171 спортшы қорғамақ. Оларға баршамыз сәттілік пен жеңіс тілейік! Туған жерімізде өтіп жатқан универсиада біздің спортшыларымыздың жоғарғы марапатқа ие болуына үлкен демеу береді деп сенемін! – деді К. Көкірекбаев.

Эстафетаны облыс басшысы К. Көкірекбаев бастады. Сонымен қатар, универсиада алауын халықаралық, республикалық деңгейдегі спорттық жарыстардың жеңімпаздары мен белгілі азаматтардан және жоғары оқу орнының студенттерінен құралған 60 алаугер Тараз қаласының басты көшелерімен 12 шақырым жолда алып өтті. Олардың қатарында олимпиада жүлдегері A.Таңатаров, «Қазақстан Барысы» және «Еуразия барысы» Б. Ыстыбаев, Қарулы Күштер спортшылары арасындағы Азия ойындарының жеңімпаздары мен бокстан бірнеше дүркін әлем чемпионы О. Сәттібаев және басқа да атақты спортшылар бар. Екі кезең бойынша жүргізілген эстафета "Тараз-Арена" спорт сарайында мәреге жетті. Осы орайда айта кетейік, 29 қаңтар күні Алматы қаласына Жамбыл облысы атынан Универсиада алауын ТарМПИ-дың студенті, қазақ күресінен Әлем чемпионы, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Дәулет Пахрединов жеткізеді. Алау капсуласын жас спортшыға облыс әкімі К. Көкірекбаев табыстады.

Салтанатты рәсім соңы ТарМПИ студенттерінің концерттік бағдарламасына ұласты.

Ұқсас жазбалар

«Мемлекеттік тіл-менің тілім» атты акциясы

ТарМПИ студенттері ұлттық қолөнерді дамытуда

Студенттік театр жаңа қойылымын сахналады

Пікірлер

comments0

Пікір қосу