Онлайн тест

НегізгіhornavЖаңалықтарhornavФилология факультетінің түлектері үлкен өмірге жолдама алды

Филология факультетінің түлектері үлкен өмірге жолдама алды

Жаңалықтар

Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының ең байырғы білім ошақтарының бірі – Филология факультетінің түлектері үлкен өмірге жолдама алды. Биыл ТарМПИ-ды 152 филолог тәмәмдап отыр. Олардың 41-і «Үздік диплом» иегерлері.

Салтанатты жиында факультет деканы Айсұлу Тұрарова «ұстаздар ұстаханасы» атанған институттың 50-ші түлектерінің асқақ армандарының орындалуына тілектестігін білдіріп, ізгі ниетін жеткізді. Сонымен қатар, ол факультетте іске асырылып жатқан жұмыстарға кеңірек тоқталды.

– Оқу орны ашылған күннен бері үздіксіз маман даярлап келе жатқан факультет осы жылдар ішінде өзіндік дара жолын қалыптастырып, өңірдегі тіл мамандарын дайындайтын іргелі де орнықты білім ордаларының біріне айналды. Жаңаша ойлайтын жаңа тұрпаты мұғалімдерді қалыптастыру басты миссиясы болып табылатын факультетте толық және сапалы білімді қамтамасыз ету, заман талабына сай кәсіби ұтқырлықты кепіл ететін ғылымдар бойынша бітірушілерді фундаменталды біліммен қаруландыру, азаматтық ұстанымы бар біліктілігі жоғары мамандарды дайындау жүйелі жүзеге асырылып келеді. Қазіргі күнде факультетте білім беру мәселелері бойынша іргелі ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Зерттеу мәселесінің өзектілігі мемлекетіміздің үштұғырлы тіл саясатын жүзеге асыру қажеттілігімен және қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде, орыс тілін ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілін жаһандық экономикаға ойдағыдай интеграциялау тілі ретінде оқыту сапасын жетілдіруге негізделген, – деп атап өтті А. Тұрарова.

Сондай-ақ, шара барысында кафедра меңгерушілері мен бітірушілердің ата-аналары да сөз алып, жас түлектерге сәтті сапар тіледі.

– Әр жоғары оқу орнының жұмысының көрсеткіші – түлектері. Түлектерінің еңбек жолындағы үздік жетістіктері – институт үшін зор мақтаныш. Осы орайда ТарМПИ бітірушілері қоғамның барлық саласында белсенді еселі еңбек етіп, алдыңғы қатардан көрініп келеді. Өз ісінің шебері атанып, туған оқу ордасының дәрежесін көтеріп жүрген барша түлектерімізге үлкен алғысымызды жеткіземіз. Сіздер де алдыңғы буын сияқты еліміздің өсіп-өркендеуіне өзіндік үлестеріңізді қосатындарыңызға сеніміміз кәміл. Жолдарыңыз болсын! – деді олар өз сөзінде.

Әнмен әспеттеліп, күймен көмкерілген салтанатты кеш аясында көпшілік алдында барлық факультет бітіруші түлектер атынан оқуда озат, қоғамдық жұмыста белсенділік көрсеткен бір топ студент сахнаға шығып, институт ұжымына риясыз алғысын білдірді.

Айта кетейік, бүгінде Филология факультетінде оқу үрдісін 4 кафедра жүзеге асырып келеді. Болашақ тіл мамандарына 5 мамандық бойынша 6 ғылым докторы мен профессор, 30 ғылым кандидаты мен 42 ғылым магистрі дәріс береді.

Ұқсас жазбалар

Баласағұн музейі ашылды

Ел дамуының негізгі тетіктері сөз болды

ТарМПИ-да 20-дан аса өзге ұлт өкілі білім алады

Пікірлер

comments0

Пікір қосу