Онлайн тест

НегізгіhornavЖаңалықтарhornav«Елу жылда ел жаңа» атты жас ақындар айтысы өтті

«Елу жылда ел жаңа» атты жас ақындар айтысы өтті

Жаңалықтар

Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында «Елу жылда ел жаңа» атты облыстық жас ақындар айтысы өтті. Оқу орнының Қазақ филологиясы кафедрасы мұрындық болуымен ұйымдастырылған іс-шара ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерекесіне және ТарМПИ-дың 50 жылдық мерейтойына арналды.

Жыр додасына 10 айтыскер қатысып, бақтары мен баптарын сынады. Айтыстың беташарында институт ректоры Дария Қожамжарова сөз сөйлеп, егемендігіміздің баға жетпес құндылықтарын жырға қосқалы тұрған сөз сүлейлеріне сәттілік тіледі.

– «Елу жылда ел жаңа» деп ат қойып, айдар таққан бүгінгі айтыс аламанының мақсаты – бекзат өнерді жанына серік еткен жас айтыскерлерді отансүйгіштікке, патриоттық сезімге тәрбиелеу, Тәуелсіз Қазақстанның ширек ғасырда жеткен жетістіктерін ақындардың жүрегімен жеткізу. Сонымен қатар, Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының 50 жылдық тарихын, жетістігін, оқу орнының өзіндік ерекшелігін паш ету. Жүйелі сөздің жүйріктері бас қосатын айтыс – қазақтың ауыз әдебиетінде қадым замандардан келе жатқан халықтық өнер. Ұлтымыздың ұлы мұрасы. Төл тарихымыздың тұңғиығына көз жүгіртсек, небір жыр сүлейлері аттың жалында, түйенің қомында күн кеше жүріп дәстүрлі өнерді жаңғыртты. Жұртшылық жадынан шығармады. Қазақ қоғамында ақынның ақын болып танылуы тек айтыс арқылы жүзеге асқан. Айтыс – сөз зергерінің талантын шыңдайтын үлкен өнер жарысы, ақындық тәрбие мектебі. Өнер аламанының негізгі салмағы да, түйіні де өмір шындығы. Барды – бағалау, игілікті істерді – дәріптеу, – деді Дария Қожамжарова.

Қазылар алқасының құрамында белгілі ақын Қайырбек Асанов, Жамбыл облыстық «Руханият» орталығының басшысы Ахметжан Өзбеков, айтыскер Алтынкүл Қасымбекова секілді өнер өкілдері болды.

Алғашқы жұпта шыққан меркілік Мейіржан Жекебаев пен Дидар Басығараевтың арасындағы айтыс екеуі де жастар додасында жүргендіктен, төселіп қалғандықтарын байқатты. Мейіржан: «Жүйріктей сөз қозғайын шын жетіле, Жыр жырлау кіргеннен соң міндетіме, Желтоқсанның құрдасымын, Тәуелсіздік, Елім өзін әлемге үлгі етуде. 11 ректор ТарМПИ-ды басқарыпты, Көбісінің қараймыз суретіне. Қол соғайық залда отырған екінші ректор, Қуандық Тұрдалинның құрметіне» деп өзге де әзілдерін төкті. Дидар да: «Екеуміздің үйлессін жырларымыз, Байзақ пен Сыпатайдың достығындай» деп тапқырлық танытты.

Жамбыл ауданының ақыны Нұрлыбек Құрманов пен тараздық Дархан Әбдіманаттың сөз сайысы да жұрттың айызын қандырған айтыс болды. ТарМПИ-дың қос жүйрігі Дидар Апбасов пен Ернұр Бейсеннің айтысын көпшілік асыға күтті. «Тәуелсіз ел армысың, тек Аллаға тәуелді» деп сөз бастаған Ернұр: «Табанға салып жастарды, табанда қырған желтоқсан» деп желтоқсан оқиғасының қасіретін де жырлады. Өз кезегінде Дидар ақылы негізде оқып жатқанын сөз етіп, грант негізінде білім алып жатқан қарсыласына «Абайла, сенің грантыңды ап қоймайын» деп әдемі әзілдей білді.

Қазылар алқасының шешімімен ТарМПИ-дың ректоры Дария Қожамжарова тіккен бас жүлде – 50 мың теңге байзақтық Дидар Басығараевқа берілді. Жүлделі бірінші орындарды ТарМПИ-дың студенті Дидар Апбасов пен Жамбыл ауданының ақыны Нұрлыбек Құрманов (35 мың теңгеден) иеленді. Оқу орнының басшысы Дидар Апбасовқа бір жылдық оқу гранты берілетінін мәлімдеді. Жүлделі екінші орын тараздық Дархан Әбдіманатқа (25 мың теңге) бұйырса, қос үшінші орынға меркілік Мейіржан Жекебаев пен ТарМПИ-дың студенті Ернұр Бейсен (15 мың теңгеден) лайық деп танылды.

Жыр аламанына қатысушылардың барлығына облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасы тарапынан «Ел Президенті Жамбыл жерінде» және «Тараз төріндегі тағылымды той» кітаптары таратылды.

Айтыс жеңімпазы мен жүлдегерлерін ТарМПИ-дың ректоры Дария Қожамжарова мен қазылар алқасының төрағасы Қайырбек Асанов марапаттап, диплом және ақшалай сыйлықтарды табыс етті.

Ұқсас жазбалар

ТарМПИ музейінде 200-ден астам жәдігер сақтаулы

ТарМПИ-да педагогикалық шеберлік орталығы ашылды

Аналар мен арулар айрықша ардақталды

Пікірлер

comments0

Пікір қосу