Онлайн тест

НегізгіhornavЖаңалықтарhornav«Дәстүрдің алтын діңгегі» атты көрме ашылды

«Дәстүрдің алтын діңгегі» атты көрме ашылды

Жаңалықтар

Жамбыл облыстық көрме залында «Дәстүрдің алтын діңгегі» атты шығармашылық жұмыстардың көрмесі ашылды. «ЭКСПО – 2017» көрмесі мен ТарМПИ-дың 50 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылып отырған көрмеге оқу орнының профессор-оқытушылары мен студенттерінің өнер туындылары қойылған.

Көрменің мақсаты – көпшіліктің қолданбалы өнер мен кескіндеме жанрына көркем құндылық тұрғысындағы көзқарасын қалыптастыру, жергілікті қөлөнер шеберлері арасында тәжірибе алмасу және кәсіби қолөнерді насихаттау. Сонымен қатар, өскелең ұрпақты кәсіби бағыттағы шығармашылық өнер түрлерімен таныстыра отырып, жас тұлғаның бойына мәдени құндылықтарды сіңіру және эстетикалық тәрбие беру.

Шараның ашылу рәсімінде Жамбыл облысы әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ғалия Боранбаева, ТарМПИ-дың тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Орынқыз Жолдасова, Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің көрме залының меңгерушісі Нұрлан Бықыбаев және ТарМПИ-дың Өнер және мәдениет факультетінің деканы Лескүл Ибраимова жиналған жұртшылық алдында өткізіліп отырған іс-шараның ұлттық құндылықтарымызды ұлықтауда үлкен маңызға ие екендігін айтты.

– Тәуелсіздігімізді алғалы бері басты төл жәдігерлеріміз болып саналатын ұлттық киімдеріміз бен қолөнерімізді дәріптеуге айрықша көңіл бөліне бастады. «Ел іші – өнер кеніші» демекші, аймақтарда осы саланы дамытуға үлес қосып, өнерлерімен танылған шеберлеріміздің қарасы артты. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында бабадан балаға мұра болып келе жатқан мәдени мұраларымызды өскелең ұрпаққа жеткізуді һәм таныстыруды міндеттеді, – деп атап өтті олар.

Көрмеге институттың Кәсіптік оқыту және дизайн кафедрасының оқытушылары мен студенттерінің 50-ден астам қолданбалы өнер, кескіндеме жанрындағы туындылары және ұлттық нақыштағы киім үлгілері қойылған.

Атап айтқанда, А. Назарованың «Скакун – вольная душа казахской степи», А. Хамиттың «Ер-тоқым», Г. Ашықбайдың «Домбырашы қыз», Ж. Базарбектің «Махаббат», Е. Бошқұлдың «Қасқыр терісі», Қ. Нұрбайқызының «Айша бибі», А. Нейфельдтің «Бала бесік» атты туындылары төл тарихымыздың терең қойнауынан сыр шертеді. Ал, А. Аманжолдың «Шебер қолы», М. Әлжановтың «Халық өнер тамыры», Ж. Тұрмаханованың «Бәйтерек тарихы», Ш. Жұмалиеваның «Астана жолы», «Тәуелсіздікке 25 жыл», Г. Нұрпаштың «Ертегі әлемі», Ж. Қилыбаеваның «Көктем көңілі», А. Фиешканың «Нежность» тақырыбындағы шығармаларында еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы жеткен жетістіктері мен толайым табыстары көркем бейнеленген. Сондай-ақ, ұлттық музыкалық аспаптар, «Көктем гүлі», «Кербез сұлу», «Томирис», «Ханшайым» сәнді киім коллекциялары мен күнделікті тұрмыс-тіршілікте қолданылған ұлттық бұйымдар көпшілік назарына ұсынылды.

– Көрмені ұйымдастырудағы басты көздегеніміз – төл құндылықтарымызды жандандырушы студенттердің қатарын көбейтіп, олардың өнерлері арқылы ұлттық киім үлгілеріндегі элементтерді жаңа үлгідегі ұлттық киімдерімізге ендіріп, тың брэндттер қалыптастыру. Бүгінгі шараны тамашалаған көпшілік көп нәрсеге көз жеткізді деп ойлаймын. Ең бастысы, ұмыт болып бара жатқан дүниелерімізбен қайта қауыштық, – дейді Кәсіптік оқыту және дизайн кафедрасының меңгерушісі Айнұр Жаскиленова.

Іс-шара соңында үздік деп танылған өнер туындыларының авторлары арнайы сертификатпен марапатталып, педагогикалық институттың өнер ұжымдарының гала-концертіне ұласты. Көрмеге қойылған қолөнер бұйымдары екі апта бойы Тараз қаласының тұрғындары мен қонақтарының назарына ұсынылмақ.

Осы орайда айта кетейік, Кәсіптік оқыту және дизайн кафедрасы 2008 жылы ашылып, бүгінде «Кәсіптік оқыту» және «Дизайн» мамандарын даярлауда. Студенттердің сапалы және жоғары кәсіби білім алуы үшін «Тігін шеберханасы», «Көркем безендіру және модельдеу лабораториясы», «Мататану зертханасы», «Металл және ағаш өңдеу шеберханасы» және «Дизайн» кабинеті заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.

Сондай-ақ, кафедра құрамында «Сән үйі» жұмыс істейді. Онда студенттер дизайндық киім үлгілері мен коллекцияларды модельдеп, құрастырады. Кафедра білімгерлері республикалық, аймақтық сән байқауларында «жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар шығып», жүлделі орындарға ие болып жүр.

Ұқсас жазбалар

ТарМПИ студенті әлемдік сайыстан жүлдемен оралды

Тармпи-да Foundation даярлық бөлімі ашылды

Ұлыстың ұлы күні ұлықталды

Пікірлер

comments0

Пікір қосу