Онлайн тест

НегізгіhornavЖаңалықтарhornavБолашақтың энергиясы-білімде

Болашақтың энергиясы-білімде

Жаңалықтар

50 жылдық тарихы бар Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында «Болашақтың энергиясы – білімде» атты білім күні мерекесі жоғары деңгейде аталып өтілді.

Аталған іс-шараға институттың түлектері, Жамбыл облысының зиялы қауымы, профессор-оқытушылар құрамы, студенттер мен олардың ата-аналары қатысты. Жиында сөз алған ТарМПИ ректоры, ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Қожамжарова Дария Пернешқызы: «Сіздерді ерекше күн, айтулы мереке – білім күнімен құттықтаймын! Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылу – біздің қанымызда бар қасиет. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді» деп ерекше атап өтті. Біз білім-ғылым-инновациялар үштігі билеген постиндустриялық әлемге қарай жылжып келеміз. Біздің ғасыр – инемен құдық қазғандай, қиын да күрделі, орасан қажыр-қайрат пен ерік-жігерді талап ететін кезең.

Терең білім – тәуелсіздігіміздің тірегі, ақыл-ой – азаттығымыздың алдаспаны. «Білім» атты ғажап әлемнің сырларын бойға дарыту үшін Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының табалдырығын аттаған жастарымыздың талабы – оң, білім жолына көтерілген баспалдақтары құтты болсын! Бүгін баршамыз үшін тарихи сәт. Биылғы оқу жылының өзгелерден ерекшелігі – институт табалдырығын аттаған жастардың қадамы Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының 50 жылдық торқалы тойына тұспа-тұс келіп отыр. Жаңа оқу жылына 2000-нан аса студент қабылданды: олардың 376-ы мемлекеттік грант иегерлері. Сонымен қатар, 10 студент жергілікті бюджеттен бөлінген білім беру гранттарының иегерлері болып отыр.

Жүсіп Баласағұнның: «Әрбір бала жарық жұлдыз, жарқырауына жәрдем ет» деген даналық сөзі бар. Бүгінгі таңда институтымызда мұғалім мамандығын таңдаған Сіздер үшін 15 ғылым докторы, 130 астам ғылым кандидаттары, 200 педагогика ғылымдарының магистрантары тұтас қоғамның ұрпақ алдындағы қасиетті парызын адал орындап, шәкірттерге өз дәрістерін беріп келеді.

Ұлы Абай өз қарасөзінде: «Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық» деп атап өткен. Білім алу – бүгінгідей жаңалығы желмен жарысқан, ой-өрісі ғарышпен таласқан заңғар заманның басты, әрі бірегей талабы. Білім беру– қашан да ата-ананың бала алдындағы қастерлі қарызы, тұтас қоғамның ұрпақ алдындағы қасиетті парызы.

Жоғары білім алу – ертеңінің еңселі болғанын қалайтын қай жанның да жүрекке түйген борышы. ХХІ ғасыр – жаңалығы желмен жарысқан, ой өрісі ғарышпен таласқан заңғар жастардыңкі. Сіздер үшін өмірдің жаңа парақтары ашылғалы отыр. Білім жолында зерек те зейінді, алғыр да тапқыр, білгір де білікті болатындарыңызға кәміл сенемін» деген өз құттықтауын жеткізді. Сонымен қатар, салтанатты іс-шарада бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде жемісті еңбек етіп келе жатқан ТарМПИ түлектеріне, «ТарМПИ-ға 50 жыл» мерекелік төс белгісін табыс етті. Мереке соңы ТарМПИ өнерпаздарының концерттік бағдарламасына жалғасты.

Ұқсас жазбалар

«Мемлекеттік тіл-менің тілім» атты акциясы

Халықаралық әйелдер күні аталып өтті

Елдос Сметов шеберлік сыныбын өткізді

Пікірлер

comments0

Пікір қосу