Биыл Өнер және мәдениет факультетін 171 студент бітірді
Онлайн тест

НегізгіhornavЖаңалықтарhornavБиыл Өнер және мәдениет факультетін 171 студент бітірді

Биыл Өнер және мәдениет факультетін 171 студент бітірді

Жаңалықтар

Биылғы оқу жылында Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының Өнер және мәдениет факультетін 8 мамандық бойынша 171 студент бітірді. Түлектердің 13-і «Үздік диплом» иегері.

Өнер мен спорт – халықтың жаны, ұлттық болмыстың өзегі. Елдің рухани жаңғыруына негіз болатын бірден-бір салалардың бірі һәм бірегейі. Тарихқа алтын арқау, салтқа сүйеу, дәстүрге діңгек болар төл мәдениетіміздің болашақ шырақшыларын дайындайтын білім ордасы кезекті түлектеріне үлкен өмірге жолдама берді.

Педагогикалық оқу орнының профессор-оқытушылары мен студенттері және ата-аналар қатысқан салтанатты жиында факультет деканы Лескүл Ибраимова, кафедра меңгерушілері түлектерге сәт-сапар тілеп, диплом табыстады. Жұртшылық алдында барлық бітірушілер атынан оқуда озат, қоғамдық жұмыста белсенділік көрсеткен бірнеше білімгер институт ұжымына алғысын жеткізді.

– Бүгін аяулы ұстаздарымызбен, қимас достарымызбен биікке қанат қағып барамыз. Барлығымыздың да алға қойған үлкен мақсатымыз бар. Сол үкілеген армандарымызды орындауға ұмтылудамыз. Бізді білім әлемінде өз мамандығымызға сай маман болып қалыптасуға жол салған барша азаматтарға алғысымыз шексіз. Олар біздің қамқоршымыз, тілекшіміз. Енді ұстаздарымыз үміт күткен сол бір асудан да сәтті өтерміз. Армысың асқар шың, сенің де биігіңе шығар күн жақын, – деп жүрек лүпілімен бөлісті жас түлектер.

Айта кетейік, бүгінде факультетте 40-қа жуық мәдениет саласының маманы еңбек етуде. Сонымен қатар, «Жібек жолы» халық-эстрадалық оркестрі, «Көне Тараз» фольклорлық-этнографиялық ансамблі, «Томирис» би ансамблі, «Жансарай» жастар театры, студенттік хор және тағы да басқа өнер ұжымдары жұмыс істейді. Факультет студенттері жыл сайын халықаралық, республикалық өнер, спорт сайыстарында «жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар» шығып, жеңімпаз атанып келеді. Болашақ педагог кадрларды дайындауда факультет ұстаздары оқу үрдісінде әлемдік білім беру стандарттарына сай жаңа инновациялық технологиялар мен интерактивті оқыту әдістерін қолдана отыра, білім беру сапасын, студенттердің ғылыми-зерттеу және шығармашылық жұмыстарын дамытуда.

Ұқсас жазбалар

Студенттік театр «Айша бибі» тарихи трагедиясын сахналады

Болашақтың энергиясы-білімде

ТарМПИ студенті кикбоксингтен әлем кубогын иеленді

Пікірлер

comments0

Пікір қосу